Ақтөбе — 150

Алғалықтар сквер жұмыстарына кірісті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының 150 жылдығына әрбір ақтөбеліктің үлес қосуы қажеттігін айтқан болатын. Бұл орайда қаланың мерейтойына аудандар да өз тартуын ұсынбақ. Бүгінгі күні бұл бағыттағы шаруаларды бірінші болып Алға ауданы бастап кетті.

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына Алға ауданы шаһардың Әлия Молдағұлова және Тургенев көшелері қиылысына сквер салуы тиіс. Қазір бұл бағытта жұмыстар қолға алынған.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ақтөбе қаласының 150 жылдығына әр аудан сый-құрметін жасауы қажет. Бұл орайда бізге бекітілген участок — қаланың Мәңгілік алау ескерткішінен Тургенев көшесіне дейінгі аймақты қайта қалпына келтіріп, сквер жасау. Бұл — Алға ауданына Ақтөбе қаласы әкімдігі бекіткен жер. Сквердің ұзындығы — 320 метр, ал жалпы ауданы — 9 мың шаршы метр. Біз бұл аумақтың брусчаткасын жаңартып, ол жерге балалар ойын алаңын орнатуымыз қажет. Сол сияқты, шағын архитектуралық пішіндер де қондырамыз. Қазіргі күні сол аймақта жасыл екпелерді жасарту мақсатында  кесу жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстар осы аптаның соңында толығымен аяқталады.  Сонымен қоса, құрылыс материалдарын дайындау жұмыстары да басталды, — деді Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров.

Оның айтуынша, белгіленген аймаққа брусчатка төсеу жұмыстары жоспарға сәйкес наурыз айының соңында басталмақ. Содан кейін аймақты көгалдандыру жұмыстары қолға алынатын болады.

Сквер салу жұмыстарының жалпы сомасы — 87 миллион теңге. Сондықтан осы қаражаттың көлемінде үлкен жұмысты бастап отырмыз. Қазір инвестиция тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, ауданнан шыққан кәсіпкерлерді осы іске жұмылдырмақпыз. Оның ішінде Алғадан шыққан, бірақ жұмысын қалада жандандырып отырған кәсіпкерлерді іздестіріп жатырмыз.  Сквер құрылысын маусым айының ортасында аяқтап, қалаға сый ретінде тапсыратын боламыз, — деді аудан әкімі.

Н.Алдияровтың айтуынша, сквер құрылысына 50-ге тарта адам жұмысқа тартылмақ.

Бүгінгі күні Алға ауданында 1900 кәсіпкерлік құрылымы бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button